Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде "Бос орындар жәрмеңкесі – 2026" жәрмеңкесі өтіп, оған бүкіл ел бойынша 250-ге жуық мекеме қатысты. Олардың қатарында мектептер, колледждер, балабақшалар мен білім беру ұйымдары бар болса, жұмыс берушілер жәрмеңкеде түрлі бағыттағы 1214 бос жұмыс орнын ұсынды. 

Шараның мақсаты – бітіруші түлектерді еңбек нарығымен тікелей байланыстыру, жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында тиімді әріптестік орнату, сондай-ақ кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде дамыту. 

"Бос орындар жәрмеңкесі – университетіміздің еңбек нарығымен тығыз ықпалдастығын айқындайтын маңызды стратегиялық алаң. Қазіргі таңда университет 250-ден астам жұмыс беруші мекемемен тұрақты әріптестік орнатып отыр. Соның нәтижесінде соңғы оқу жылында түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 95 пайызға жетті. Бұл – сапалы білім мен тәжірибеге негізделген даярлықтың нақты жемісі", – деді университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова. 

Оның айтуынша, мұндай бастамалар студенттердің кәсіби қалыптасуына тікелей ықпал етеді. 

Жәрмеңке аясында университет түлектерін жұмыспен қамтуға бағытталған mansap-bosoryn.kz цифрлық платформасының мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Платформада жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары жарияланып, бітіруші түлектер сол арқылы тікелей өтінім бере алады. Жіберілген өтінімдер бірден жұмыс берушінің электронды поштасына және WhatsApp байланыс нөміріне жолданып, жұмысқа орналасу үдерісін жеделдетіп, ашық әрі тиімді форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер өз ұйымдарының қызмет бағыттарын таныстырып, ұсынылып отырған бос жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, жас мамандар мен мекеме өкілдері арасында тікелей байланыс орнап, ашық форматта пікір алмасу алаңы қалыптасты. Бұл өз кезегінде түлектердің кәсіби бағдарын айқындап, еңбек нарығына сенімді қадам жасауына жол ашты. Шара соңында жәрмеңкеге белсенді қатысқан мекемелердің өкілдеріне алғыс хаттар табысталды. 

Фото: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Еске салайық, Қазақстанда келесі жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу кезінде ҰБТ нәтижелерімен қатар ауызша емтихандар да ескерілмек. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәлімдеуінше, бұл емтихандарда талапкерлердің оқуға дайындығы мен кәсіби бейімділігіне ерекше назар аударылады.