Алматыда қаланы көріктендіру үшін отырғызылған 750 мың ағаштың 20 пайызы қурап қалған. Тал-дарақ күз түспей сарғайып, тамыры да босаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Осыдан екі жыл бұрын Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев жасыл желекті қала болу үшін 1 миллион ағаш отырғызамыз деп бастама көтергеннен кейін тендер ұтқан компаниялар жаппай тал-дарақ отырғыза бастаған. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ Алатау ауданындағы ағаштардың бір бөлігі қурап қалған. Қалалық мәслихат депутаттарының айтуынша, "Қазақ саңыраулар қоғамы" қоғамдық бірлестігі азаматтардың мүгедектігін алға тартып, тендер алып, кейін ағаштарды қараусыз қалдырған.

"Мемлекет тендер шарттарын қайта қарауы керек деп ойлаймын. Арсыз кәсіпкерлер азаматтардың мүгедектігі мен оларға жасалатын жеңілдіктерді пайдаланып, тендерде жеңіске жетіп отыр", – дейді Алматы қалалық мәслихат депутаты Сергей Пономарев.


Оқи отырыңыз: Алматы облысында 3 млн теңгеге егілген ағаштар қурап қалды


Ал "Қазақ саңыраулар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің өкілі ағаштың қай түрі және қайда отырғызылатынын қалалық әкімдік шешетінін алға тартып отыр. Қураған ағаштардың бәрі күзге дейін қалпына келтірілмек.

"Жұмысшылардың 51 пайызы мүгедек адамдар. Күннің астында жұмыс істейді. Қазір суғарса, 3 күннен соң қатып қалады. Қаланың ортасы болса, қатпайды. Біздің аудан экология жағынынан ең нашар аудан болып тұр", – деді қоғамдық бірлестік жетекшісінің орынбасары Қанат Жылқыбаев.