Алматыда мемлекеттік баспананы заңсыз жалға бергендер әшкереленді: 160 жағдай тіркелген
Алматыда сатып алу құқығынсыз мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген жалдамалы пәтерлердің келісімшарт мерзімі аяқталса да, баспананы босатудан бас тартатын тұрғындар саны артып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жұмыс істейтін жастарға арналған бұл бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба жеңілдетілген шарттармен қолжетімді жалдамалы пәтер ұсынып, кейін жеке баспана сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беруді көздейді.
"Шарт бойынша жалдамалы тұрғын үй 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қолдау ретінде берілді. Тұрғындар осы кезеңде өз баспанасын сатып алу үшін қаражат жинап, ипотекалық немесе басқа тұрғын үй бағдарламаларына қатысуы тиіс еді. Қол қою барысында пәтердің уақытша берілетіні және мерзімі аяқталған соң оны босату міндеті түсіндірілген. Алайда кейбір азаматтар бастапқы жарнаны жинамаған немесе қолжетімді бағдарламаларды пайдаланбаған", – деді қала әкімінің орынбасары.
Оқи отырыңыз: Алматыда телефонға қараймын деп жаяу жүргіншіні қаққан автобус жүргізушісі қамауға алынды
Әкімдік жүргізген тексеріс бірқатар заңбұзушылықты да анықтады. Кей тұрғындар өздеріне уақытша берілген баспананы үшінші тұлғаларға заңсыз жалға берген. 2025 жылы мұндай 160 жағдай тіркелген. Оның ішінде 145 пәтер өз еркімен босатылса, 15 іс бойынша сот процестері жалғасып жатыр.
Сонымен бірге, келісімшарт мерзімі аяқталған 1050 пәтердің 820-сы иелері тарапынан өз еркімен босатылған. Қалған 230 пәтер бойынша шарт талаптарын орындаудан бас тартқан тұрғындарға қатысты сот отырыстары өтіп жатыр.