Алматыда ірі жер сілкінісінің болу қаупі жоғары – Сейсмология орталығы
"Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС директорының орынбасары Жандос Марат Информбюро порталына берген сұхбатында "қуаты әлсіз жер сілкіністері жердің артық күшін шығарып тастауына жақсы" деген пікірді жоққа шығарды.
Маманның айтуынша, керісінше, жердің бұлай әлсіз, бірақ жиі тербелуі алдағы уақытта күшті сілкіністердің болу ықтималдығын білдіреді.
"Алматы қаласының сейсмикалық белсенділігі жоғары. Батыста сонау Жерорта теңізінен басталып, шығысқа қарай созылып жатқан қарқынды сейсмикалық белдемге кіретін Тянь-Шань таулы аймағының солтүстік бөктерінде орналасқан. Тянь-Шань таулы аймағы тектоникалық қозғалыс қарқындылығы жоғары аймаққа жатады. Сондықтан да сейсмикалық қауіп деңгейі жоғары. Бұл аймақта тарихи кезеңнен бастап соңғы 10 жылда үздіксіз болып жатқан әлсіз сілкіністер (орташа есеппен жылына 200-300 рет) – заңды құбылыс. Бұл келешекте күшті сілкіністердің болу ықтималдығы жоғары екендігін білдіреді", – деді Жандос Марат.
Оқи отырыңыз:
- Жер сілкінісінің ошағы Алматыға жақындап келеді. 130 жыл бұрынғы жойқын зілзала қайталана ма
- Алматыдағы жойқын жер сілкіністері. Қаланың жаңа сейсмикалық картасы зілзаладан қаншалықты қорғайды
Сондай-ақ, сейсмологтың айтуынша, Алматы қаласы аумағының есептік сейсмикалылығы – MSK-64 (К) инженерлік шкаласы бойынша – 9 балл. Қалада ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу 9 балдық әсерді ескере отырып жүргізіледі. Бірақ топырағы әлсіз учаскелерде (Райымбек даңғылынан төмен және тау бөктеріндегі сөрелерде) есептік сейсмикалық 10 балға дейін артады.
Дегенмен, маман жер сілкінісін алдын ала болжау мәселесі жақын арада шешілетініне күмән келтірді.
"Мәселенің күрделілігі жер сілкініс ошағының көзден тыс, жер қойнауында орналасуымен, оның тереңдігі ондаған, тіпті жүздеген шақырымға жететінімен байланысты. Сілкініс алдында болашақ ошақтың аумағында қандай физикалық-химиялық өзгерістер болып жатыр – оны біз нақты білмейміз. Біз жер бетіне аспаптар қойып, соның көрсеткіштерін ғана талдаймыз, оның арасында бізге қажетті деректер бар ма, әлде жоқ па – белгісіз", – деді Жандос Марат.
Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыздар.
Оқи отырыңыз: Сейсмолог: Соңғы жылдардағы жер сілкіністері алда қуатты зілзала болуы мүмкін екенін білдіреді