Алматыда ерекше баласы бар аналар қалай жеке кәсібін бастай алады?
Жоба аясында 3 ана жұмысқа орналасып, 19 әйел өз бизнесін ашқан.Жыл басында Алматының кәсіпкер әйелдер қауымдастығы, MamaPro қоғамдық қоры және ICF-Kazakhstan қоғамдық бірлестігі ерекше баласы бар аналарға арналған "Әйелдер әйелдерге" әлеуметтік жобасын қолға алды. Жоба аясында үш ай бойы менторлық, коучинг, психологиялық, заңдық тұрғыда көмек алған 22 ана кәсіпкер әйелдермен бірлесіп кәсіп бастауға және жұмысқа тұруға мүмкіндік алды.
"Жоба екі бағдарламадан тұрады. Үш анаға жұмысқа тұруға, 19 әйелге өз бизнесін ашуға көмектестік. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді тек бірлесу арқылы шешуге болады. Оған осы жоба нәтижесі дәлел бола алады. Ерекше баласы бар аналар өз ісін ашып, аяққа нық тұра бастады. Олай болса "Әйелдер әйелдерге" жобасы ерекше баласы бар отбасындағы әлеуметтік ауыртпалықты айтарлықтай шешті деген сөз", – деді Алматыдағы кәсіпкер әйелдер қауымдастығының төрайымы Наталья Мұхамеджанова.
Оқи отырыңыз: Депутат мүгедек балаларды ұшақпен тегін тасымалдауды ұсынды
Әлеуметтік жоба демеушісі AlmaU ректоры Гүлнар Күренкеева университет тек білім беріп, зерттеумен айналысатын ғана емес, азаматтық бастамаларды жүзеге асыратын, ашық қоғам құруға үлес қосатын орын болуы керек екенін атап өтті.
"Жобаға жеке бизнесін дамытуға ынталы әйелдерді таңдап алдық. Жеке бизнес бағдарламасы аясында апта сайын менторларымен, оған қоса коучтармен жеке сессиялар болды. Бизнес иелерімен де кездесу өткіздік", – деді жоба кураторы Александра Личман.
Жоба мақсаттарының бірі – әйелдердің өзіне деген сенімін арттыру, күш беру, жаңа қорықпай қадам жасауға дайындау. Қатысушылар жоба жалғасуы керек дейді.
"Жолдасым екеуміз "ДЦП Life" қорын құрдық. Төрт баламның бірі ерекше қажеттілігі бар бала. Былтыр қазанда оңалту орталығын аштық. Оған қоса балаларды лагерьге жіберу жобамыз бар. Қапшағайға, ыстық бұлақтарға апардық. Кейде жалға алу ақысын, қызметкерлердің жалақысын төлей алмағанда қолыңды сілтегің келеді. Бірақ бағдарламаға қатысу арқылы шындала түстім. Жақында "Самұрық-Қазына" әлеуметтік жобамызды қаржыландырамыз деді. Бірақ сомасы көп емес. Басқа қаржы көздерін іздейміз", – деді жоба қатысушысы Зәуре Итенова.
Оқи отырыңыз: Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық
"MamaPro" ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қасымхан Каппаров ерекше қажеттілігі бар балалардың анасына қол ұшын созатын бірегей ұйымның 1200 астам түлегі бар екенін атап өтті. Алматы, Астана, Өскемен және Шымкентте MamaPro филиалдары жұмыс істейді. Енді барлық өңірде болса дейді.