Алматы қаласы әкімдігі қалалық мәслихаттың шешімімен қалада бейбіт митингтер өткізу үшін белгіленген орындарды өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы құжат жобасынан белгілі болды. 

Еске салайық, қалада төрт жерде бейбіт митингтерге рұқсат етілген болса, солардың екеуі өзгереді. 

Енді тұрғындар Шоқан Уәлиханов атындағы гүлзардың орнына Амангелді Иманов атындағы саябаққа жинала алады. Алайда Шоқан Уәлиханов атындағы гүлзарда мың адамның жиналуына рұқсат етілген болса, енді саябаққа жиналатындар саны 500-бен шектеледі. 

Сондай-ақ, бұған дейін бейбіт шеру ұйымдастыруға арналған Шевченко көшесіндегі "Шоқан Уәлиханов" атындағы гүлзардан Махатма Ганди атындағы саябаққа дейінгі жер енді басқа орынға өзгереді.

Шеруге арналған жаңа жер – Юрий Гагарин даңғылынан бастап Жамбыл Жабаев көшесінің бойымен Сәбит Мұқанов көшесіне дейінгі жер болып белгіленді. 


Оқи отырыңыз: Алматыда митинг өткізетін жерлердің саны артуы мүмкін. Бейбіт шеру орнын 8 ауданда белгілеу ұсынылды


Бейбіт жиналыстарға арналған қалған екі орын – Махатма Ганди атындағы саябақ пен "Сары Арқа" кинотеатрының артындағы гүлзар өзгермейді. Алайда, енді "Сары Арқа" кинотеатрының артындағы гүлзарға 500 емес, 1000 адамның жиналуына рұқсат етіледі. 

Бұл өзгерістерді қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков бебйті жиналыстардың тым жақын жерде өтуі кейбір аумақтар мен нысандардың жұмысына әсер ететіндігімен байланыстырады.