Алматыда Қазақ спорт және туризм академиясының базасында Sport Consulting Forum қоғамдық бірлестігі құрылып, құрылтай конференциясы мен тұсаукесері өтті.

Жаңа ұйым тәуелсіз сараптамалық ғылыми-әдістемелік алаң ретінде құрылды және Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары сияқты мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды. Бірлестіктің негізгі миссиясы – балалар арасындағы спорттық таланттарды ерте анықтау, олардың дамуын ғылыми тұрғыда сүйемелдеу және заманауи ғылыми жетістіктерді қолдана отырып, Олимпиада тұғырына дейін жеткізу.

Тұсаукесерде академия ректоры, дене шынықтыру және спорт университеттерінің халықаралық қауымдастықтарының президенті, профессор Қайрат Закирьянов сөз сөйлейді.

"Қазақстанда ғылым мен практика бір-бірінен артта қалып отыр. Спортта да дәл сондай жағдай. 2001 жылы спорт ғылыми зерттеу институтын құру туралы бастама көтерілген еді. Алайда 25 жыл өтсе де институт жоқ. Академия базасында жиырма жылдан бері спортты ғылыми зерттеу бөлімі жұмыс істеп келеді. Ал жаңадан құрылып жатқан "Sport Consulting Forum" ешқандай мекеменің қызметін алмастырмайды. Біз ғылыми қоғамдастықты спортты дамытуға жұмылдырғымыз келді. 1994 жылы Владимир Смирнов алғаш рет қысқы Олимпиада чемпионы атанса, биыл Михаил Шайдоров ұзақ жылдан кейін алтын медаль алды. Арада 32 жыл өтті. Осы аралықта неге чемпион шықпады деген мәселенің басты себебі – спортшыларды даярлауда ғылыми тәсіл қолданылмайды. Сондықтан да біз баланың кішкентай кезінен ғылыми зерттеу жасап, қай спортқа таланты бар екенін анықтап, солармен жұмыс істеуіміз керек", – деді Қайрат Закирьянов.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың және спорт ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның аңызға айналған спортшылары – Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінің чемпиондары мен жүлдегерлері қатысты. Олардың арасында спорттық гимнастикадан бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Ким, шаңғы спортынан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, футболдан Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадраев бар.

Фото: Informburo.kz

"Дарынды балаларды балабақшадан іздеу керек. Баланың аяқ алысын кішкентай кезінен бойы мен салмағына қарап та білуге болады. Мысалы, Қытайда балабақшадан бастап балалар қай спортқа икемі бары анықталып, сол спортқа береді. Елімізде дәстүрге айналған спорт түрлері бар. Тәуелсіздік алғалы спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды желбіретіп жатыр. Мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіледі. Дамыған елдерде спорт саласында да ғылыми зерттеуге көңіл бөледі, соған сәйкес Олимпиада ойындарында, чемпионаттарда үздік нәтиже көрсетеді", – деді Ислам Байрамуков.

Конференция аясында спортшыларды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру туралы баяндалды. Бұл модель спорттық таланттарды ерте анықтауға және олардың әлемдік аренада жоғары нәтижелерге жетуіне бағытталған.

2044 жылға қарай Қазақстанда спорт саласында жетекші әлемдік орталықтармен деңгейлес заманауи білім беру және ғылыми базаны қалыптастыру стратегиялық мақсат ретінде айқындалады. Бұл бастама Қазақ спорт және туризм академиясының 100 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылады.