Алматыда Baiqonyr кинофестивалі өтеді
6 қыркүйекте фестиваль Дархан Төлегеновтың "Ағайындылар" фильмімен ашылады.6-10 қыркүйек аралығында Алматыда VIII халықаралық Baiqonyr кинофестивалі өтеді, оның басты миссиясы – жас талантты кинематографистерді қолдау.
Әр жылдары Қазақстаннан және жер әлемнің түкпір-түкпірінен: Тбилисиден Якутияға, Ташкенттен Лиссабонға дейін 85 кинематографист Baiqonyr-дың лауреаттары атанған. Биылғы жылы өткен Қазақстан киносыншылары қауымдастығының ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Baiqonyr-дың президенті Әнуар Кенжебаев "Фестиваль қозғалысына қосқан үлесі үшін" арнайы сыйлығының иегері болды. Бұл фестиваль беделінің өсуінің жарқын көрсеткіші. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – осы жылдар ішінде кинофестиваль мемлекеттің қаржылық қолдауынсыз өткізіліп келеді.
6 қыркүйекте фестиваль Дархан Төлегеновтың "Ағайындылар" фильмімен ашылады. Бұл шығармашылық жолын "Байқоңырдан" бастаған режиссердің толықметражды дебюті. Картина шетелдік фестивальдарда бірнеше марапаттарға ие болды, олардың ішіндегі ең маңыздысы – Германиядағы беделді Oldenburg International Film Festival қазылар алқасының арнайы жүлдесі. Туынды осы жылдың күзінде прокатқа шығады деп күтілуде.
"Дархан Төлегеновтың "Ағайындылар" фильмінен басқа, бізде Михаил Кулунаковтың "Соқпақ" фильмінің конкурстан тыс көрсетілімі болады. Екі режиссер де кезінде біздің қысқаметражды фильмдер байқауына қатысқан. Енді бізге толықметражды дебюттерімен қайта оралып отыр. Менің ойымша, бұл өте жақсы белгі", – дейді Baiqonyr кинофестивалінің бағдарламалық директоры Ержан Жұмабеков.
Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің
Көрермендер "АРМАН" киноорталығында көретін жалпы конкурстық бағдарлама келесідей:
- Baiqonyr фестивалі, оның ішінде халықаралық көркем және деректі қысқаметражды фильмдер байқауы (6 елден 18 фильм) және ұлттық көркем және деректі қысқаметражды фильмдер байқауы (20 фильм);
- ALMATY ANIMATION FESTIVAL фестивалі, оның ішінде негізгі байқау (21 фильм, 4 ел, сондай-ақ Ресей, Франция және Канада бірлесіп шығарған фильм) және халықаралық студенттік анимациялық фильмдер байқауы (23 туынды).
Конкурстан тыс бағдарлама да қызықты болады деп күтілуде. Кинофестиваль аясында ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының II форумы өтеді, оның жұмысына әртүрлі елдерден 20-дан астам маман қатысады. Білім беру бағдарламасы кеңінен ұсынылған: танымал шеберлердің дәрістері, киноиндустрияның өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, жаңа жобалардың тұсаукесерлері.
Конкурстан тыс бағдарламаның маңызды оқиғасы 8 қыркүйекте өтетін Корей анимациялық кино күні болмақ. Ол корей-қазақ анимациясының үлкен арнайы жобасы аясында өткізіледі. Корей тарапынан серіктес Пучхондағы Халықаралық анимация фестивалі (BIAF).
Оқи отырыңыз: "Ағайындылар" фильмі Германияда көрсетіледі
Іс-шараға Оңтүстік Кореядан анимациялық режиссерлер Ли Сон Ган мен Им Черин келеді. Олар өз жұмыстарын ұсынып, көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар, Черин дәріс оқиды, ал Ли Сон Ган қазақстандық жас авторларға шеберлік сабағын өткізеді.
Кинорежиссерлармен бірге K-pop музыкасының өсіп келе жатқан жұлдызы Пэк А Ён-де келеді, ол фильмдердің бірінде басты кейіпкерді дыбыстаған. K-pop жанрының жанкүйерлерін үлкен тосын сый күтіп тұр – олар Пэк А Ённің екі әнін жанды дауыста тыңдай алады.
Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өткізіледі.