Алматыда 20 сәуірде сағат 11:00-де жыл сайынғы жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сейсмикалық оқу-жаттығу қала тұрғындарының төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру, тұрғындарды эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, авариялық чемодандарды дайындау мақсатында өтеді. 

"Оқу-жаттығу Розыбакиев пен Есқараев көшелерінің қиылысында салынып жатқан 12 қабатты "Әмір" тұрғын үй кешенінде өтеді. Мұнда азаматтық қорғау қызметінің барлық жеке құрамы адамдарды құтқару және эвакуациялау, қирандылардан зардап шеккендерді шығару, өртті сөндіру, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша іс-шараларды іс жүзінде пысықтайды. Зардап шеккен халықты қабылдау пункті, шатыр лагері, далалық асхана, азық-түлік пункттері Радостовец, 367 мекенжайындағы №38 гимназия аумағында орналастырылған. Нағыз төтенше жағдай орын алған жағдайда қалада адамдарды қабылдауға арналған барлық 384 пункт жұмылдырылады", – делінген ТЖД хабарламасында.


Оқи отырыңыз: Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі Қазақстанға қарай жылжи ма? Сейсмологпен сұхбат


Төтенше жағдай департаментінің айтуынша, Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын қалада 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте 2-ден 4 баллға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим саналады. Сейсмология институтының болжам комиссиясының мәліметінше, жыл соңына дейін қалада 7 және одан да көп балдық жер сілкінісі болмайды.

ТЖД хабарлауынша, сейсмикалық дайындық жер сілкінісі болады деген болжам барын білдірмейді.