2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 млн, 2040 жылға қарай – 3 млн, 2050 жылға қарай – 3,6 млн адамға жетеді. Бұл туралы мегаполистің бас жоспарын әзірлеуші Тамара Залогина айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Тамара Залогинаның айтуынша, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу қажет. Болжам бойынша, бұл уақытта қаланың оңтүстік-батыс жоспарлау аймағында – 1,3 млн адам (44,6%), орталық жоспарлау аймағында – 0,5 млн адам (18,1%) және шығыс жоспарлау аймағында 0,45 млн адам (15,2%) тұратын болады.


Оқи отырыңыз:


Сәулетшілердің айтуынша, бүгінде қала халқы келушілер есебінен – 60 пайызға, ал туу көрсеткіші есебінен 40 пайызға артқан.

"2014 жылы халық саны келушілер есебінен 134 мың адамға артқанын көріп отырмыз. Бұл қалаға 22 мың гектар жер кесілген кезде болды. Жалпы, халықтың өсу қарқыны біркелкі. Біз негізінен халық саны табиғи өсім есебінен артады деп болжап отырмыз. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады", – деді Тамара Залогина.