Алматы полициясы есірткі сататын 450 сайтты бұғаттады
Қала ішіндегі есірткі жарнамасы бар 5 мың граффити-жазба боялған.Polisia.kz хабарлауынша, Алматы полициясы есірткі сататын 450 сайтты бұғаттаған. Қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов 380 келі есірткі, оның ішінде 15 келі синтетикалық есірткі тәркіленгенін мәлімдеді.
"Есірткі қылмысына қарсы күрес саласында Полиция департаментінің жедел жұмысы жүргізілуде. Біз синтетикалық есірткілерді шығаратын үш есірткі зертханасын жойдық. Интернет-ресурстар арқылы синтетикалық мефедрон есірткі затын дайындау және сатумен айналысқан есірткі бизнесі саласындағы екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетінің жолы кесілді. Биылғы жылдың басынан бері тағы бір есірткі зертханасын анықтадық, онда 150 миллион теңгенің есірткі шикізаты тәркіленді", – деді Қанат Таймерденов.
Оқи отырыңыз:
- Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?
- Есірткіні пиязға жасырып, түрмеге кіргізбек болған
- Қарағандыда полицейлер есірткі өндіру және сатумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі
Еріктілер мен белсенді азаматтардың арқасында есірткінің таралуы туралы ақпарат бар бес мың граффити-жазбалар боялып, есірткі сататын 450 интернет-сайт бұғатталды.
"Қаланың оқу орындарында да есірткіге қарсы тақырыптар бойынша 260 профилактикалық іс-шара жүргізілді. Осы жылы да бұл бағыттағы барлық іс-шаралар жалғасын табады және ерекше бақылауда болады", – деді Қанат Таймерденов.