Алматы облысында "Мүлдем төзбеу" қағидаты бойынша 67,5 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 57 адам алкогольді ішімдік тұтынумен байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Зульфат Манапов. Сондай-ақ, дәрігерлер мен психолог мамандар ішімдікке салынудың денсаулық пен психологияға зияны туралы айтып берді. 

2024 жылы Ақши мен Бояулы ауылында мүлдем қылмыс тіркелмеген

"2024 жылдың басынан бері осы күнге дейін "Нөлдік төзімділік" қағидаты шеңберінде 67,5 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында үй бұзақыларына қатысты 2,6 мың қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Бастама бойынша сот 444 ерекше талап қойды, оның ішінде алкогольге тыйым салумен 57 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін,  сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша 67 адам талапты бұзғаны үшін, тағы 127 адам ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін 4,3 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылып, 54 маскүнем мәжбүрлеп емделуге жіберілді", – деді полиция капитаны Зульфат Манапов. 

Сондай-ақ, Зульфат Манапов Алматы облысы полиция департаменті бастамасымен және ақсақалдардың араласуымен алкогольмен қарсы күрес жүргізу мақсатында Іле ауданы мен "Ақши" ауылындағы түсіндіру жұмыстарынан кейін кәсіпкерлердің толығымен ішімдік сатудан бас тартқанынан хабарлады. 


Оқи отырыңыз: Склероз, инсульт, маскүнемдік. Қандай науқастар Қазақстанда судья бола алмайды


Департамент өкілінің айтуынша, мұндай шаралар қылмыстық жағдайға оң әсерін тигізеді. 

"Мысалы, соңғы бір жыл ішінде Ақши ауылында бір де бір қылмыс тіркелмеген. Дәл осылай Балқаш ауданы Бояулы ауылында да мүлдем қылмыс тіркелмеген", – деп қосты Зульфат Манапов. 

Алматыдағы №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева ішімдікке салынудың үш кезеңі болатынын айтады:

  1. Алдымен, психологиялық тәуелділік пайда болып, кейін адамның ағзасы алкоголь іздеп тұрады. Сырттай адам толықтай сау болып көрінеді және қоғамнан қол үзбейді, материалдық жағдайы да жақсы болады. Алайда басына қиын іс түскен кезде моральдық тұрғыдан қиналып, ішімдік ішуге шақырған жердің барлығына барады. Бұл кезеңде адам ішімдікке тәуелділіктен өз бетінше арыла алады.
  2. Адам қарым-қатынасқа түсетін таныстарының барлығымен ішімдік ішкісі келіп тұрады. Маскүнемдердің ортасында ғана ләззат алады. Өзінің қалайша тым көп ішіп қойғанын байқамайды. Түрлі ауруға шалдығып, денесі зақымдалады.
  3. Әлеуметтік байланыстардан қол үзеді, ешкіммен араласпайды. Тек алкоголь ғана қызықтырады. Жүйке жүйесі мен ағзалары қайта қалпына келмейтіндей бұзылады. Көп ұзамай психозға түседі. Осы үшінші кезеңде 95 пайыз жағдайда маскүнемдер жүрек талмасына ұшырап немесе миына қан кетіп көз жұмады. 

Оқи отырыңыз: Әр ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңге. Құмар ойынның құрбаны болмаудың жолы қандай?


Дәрігердің айтуынша, келесі белгілерді байқаған кезде міндетті түрде мамандарға жолығу қажет:

  • адам ішкен ішімдік мөлшерін бақылауында ұстай алмайды, тоқтаусыз іше береді;
  • алкогольдің көп мөлшеріне ағзасы теріс реакция танытпайды;
  • ішкен соң есте сақтау қабілеті төмендейді;
  • қатарынан екі немесе одан да көп күн ішімдік ішеді;
  • маскүнемдіктің сырт көзге көрінетін белгілері пайда болады: тері тез қартаяды, тамырлары қатты шығып кетеді және майда тамырлары жарылып, көгереді. 

"Калий мен магний тұздарының метаболизмі бұзылатындықтан, жүрек пен қан тамырларына зақым келеді. Осының салдарынан аритмия, жүрек аурулары пайда болып, қан қысымы жоғарылайды. Алкоголь асқазан мен ішектің шырышты қабатын күйдіріп жіберетіндіктен, ас қорыту жолдарының жасушалық құрылымы бұзылады. Асқазан сөлінің секрециясы күшейіп, гастрит пен ойық жараның дамуына әкеледі. Алкоголь және оның метаболиттері бүйрек түтікшелері мен паренхиманы бұзады, бұл пиелонефрит пен гломерулонефриттің дамуына әкеледі. Этанол әсерінен бауыр жасушалары бұзылып, маскүнемдер гепатит пен цирроз ауруына шалдығады. Этанол мен оның метаболиттерінің әсерінен перифериялық жүйке талшықтары жойылады, алкогольдік полиневропатия дамиды. Алкоголизм – бұл ауыр ауру, ол сөзсіз адамды азапты өлімге әкеледі. Науқасқа толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік беру үшін емдеуді мүмкіндігінше ертерек бастау керек", – деп қосты Ардақ Тұрғанбаева. 

Ары қарай дәрігер маскүнемдіктен емдеу жолдары туралы айтты. Олардың төмендегідей бірнеше түрі бар:

  1. Детоксикация. Бұл емдеу науқаста абстиненция синдромы айқын болған кезде ауыр жағдайларда қолданылады. Емдеу асқазанды шаюдан, сондай-ақ тұзды ерітінділерді, дәрумендерді және басқа препараттарды тамшылар арқылы енгізуден тұрады. Емдеу шамамен 5 күнге созылады.
  2. Кодтау. Мұндай емдеу көбінесе детоксикациядан кейін қолданылады. Ол тері астына фармакологиялық препараттармен арнайы капсулаларды енгізуден, мидағы опиоидты рецепторларды бұғаттаудан, сондай-ақ алкогольге қарсы гипноз қолданудан тұрады;
  3. Оңалту. Ем пациентті жабық оңалту орталығына орналастырудан басталады. Онда ем көбінесе тәуелділікті алмастыру әдісімен және психолог мамандардың көмегімен жүреді.
  4. Алкоголизмді психологиялық емдеу. Бұл пациенттің психологқа баруынан, жеке тұлғаны қалпына келтіруден және психологиялық түзетуден тұрады. Бұл психологиялық әдіс пациентпен кешенді өзара әрекеттесуге бағытталған және  психологиялық тәуелділікті емдеуге арналған жұмыс.

Оқи отырыңыз: "Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы


Психоаналитик Жанар Оспанова маскүнем адамды емдеу үшін жан ауруының себебін анықтау маңызды екенін айтады. 

"Алкоголизмнің себебі – жұмыстағы күйзеліс, ажырасу, жақын адамнан айырылу секілді қиын жағдайлар болуы мүмкін. Біз алдымызға келген науқастың өзіне деген сенімділігін арттыруға көмектесеміз. Өйткені ішімдікке салыну деген сөз – шынайы өмірді қабылдаудан бас тарту деген сөз. Кейін адам біртіндеп жақындарымен қарым-қатынасын түзете бастайды. Мұндайда жақындарының қолдауы аса маңызды. Сондай-ақ, адам емделудегі басты мақсатын түсінген кезде бұл процесс жылдам жүреді", – деп түсіндірді Жанар Оспанова.