Алматы облысында ауыл тұрғындары кәріз қалдықтарын жинайтын орын салуға қарсылық білдірді
Батыстан соғатын желдің әсерінен сасық иіс бүкіл ауылға жайылады.Алматы облысындағы Балғабек Қыдырбекұлы ауылының тұрғындары кәріз қалдықтары жиналатын орынның салынуына қарсы, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жобаны бірнеше жыл бұрын қолға алған шенеуніктер ауыл тұрғындарының рұқсатын сұрамаған. Ауыл іргесінде жұмысшылар кәріз қалдықтары жиналатын орынды дайындауға кіріскен.
"Кірпіш зауытынан шыққан шаң-тозаң мен түтіннің иісі аздай, енді бүкіл сасық иіс біздің ауылды сасытады. Мектепте отырған балалардың үсті-басы сасып кететін болады. Кәріз құдықтары бар жер қалай саситыны белгілі ғой", – деді Балғабек Қыдырбекұлы ауылының тұрғыны Әділбай Тауасаров.
Жұрт мал жайып, шаруашылықтарына пайдаланып келген жер кәріз суы жиналатын орынға айналса – ужүздеген гектар телім жарамсыз болып қалуы мүмкін. Төрт түлікті төлдетіп, көбейтуді қарастырып жатқандар бұл істі тоқтатуды сұрап отыр.
"170 гектардай жер берілгендігін естідік. Біздің жайылымдық жеріміздің жартысын алып тастайын деп отыр. Ондай жағдайда қалай жан бағамыз? Үйдегі 3-4 малды қай жаққа жаямыз?", – деді Балғабек Қыдырбекұлы ауылының тұрғыны Қуандық Валиев.
Оқи отырыңыз: Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындар су астында қалды
Халықпен кездесуге келген шенеуніктер кәріз қалдығын төгетін орынның шынымен салынатынын айтты. Ұзынағаш ауылының құбырын ауыстырып, кәріз жиналатын орынды салу үшін жалпы 7,6 миллиард теңге қажет болса, биыл соның 2,1 миллиард теңгесі бөлініп қойған.
"Бұл жоба 2019 жылдан бастап жобалана басталды. Бұл жерде тазарту құрылғылары болады. 1 механикалық тазалау, биологиялық тазалау және сәулендіру деген бар. Бұдан ешқандай да иіс шықпайды. Одан шыққан суды екінші мәрте қолдануға келеді", – деді Жамбыл ауданы түкш және тұрғын үй инспекция бөлімінің басшысы Қайсар Әпсейітов.