Алатау қаласын тікелей Үкіметке бағындыру. Бұл қалай жүзеге асады
Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауапта Алатау қаласын басқару тетіктері жайлы баяндады.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың Үкіметке тікелей бағындыру туралы тапсырма берген болатын. Алайда, үкімет басшысы қазіргі кезеңде қолданыстағы заңнама шеңберінде қаланың Үкіметке тікелей бағыну мүмкіндігі жоқ екенін айтады.
"Осыған байланысты Жарлықтың шеңберінде стратегиялық шешімдер қабылдайтын Алатау қаласын дамыту мәселесі бойынша кеңес және операциялық қызметке жауапты Alatau City Authority мемлекеттік қорын құру көзделген", – деп түсіндірді Олжас Бектенов.
Премьер-министр өз жауабында қалада нысандардың құрылысы қашан басталатынын да айтты. Оның сөзінше, Алатауды қала құрылысы құжаттамасымен қамтамасыз ету бойынша Алматы облысының әкімдігі бүгінгі таңда қаланың бас жоспарына қыркүйекте өзгерістер енгізген. Оған сәйкес, жыл соңына дейін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленеді.
"Барлық қала құрылысы құжаттарын әзірлеу аяқталғаннан кейін объектілердің құрылысы басталады. Алатау қаласы құрылғаннан бері мемлекет мұқтажы үшін 593 гектарға жуық жер учаскесі алынды, ал жыл соңына дейін тағы 2,4 мың гектарға жуық жер учаскесін алу жоспарланып отыр", – деді премьер-министр.