Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: күдікті жансақтау бөлімінде, полиция тексеріс бастады
Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған ірі жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Қалалық Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов тұрғындармен есептік кездесу барысында оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Көлік жүргізушісі түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
24 наурыздағы мәліметке сәйкес, күдікті қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр және полицияның бақылауында. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақталған соң, уақытша ұстау изоляторына қамалатыны айтылды.
"Қазіргі уақытта онымен тергеу әрекеттері жүргізілген жоқ, себебі ол жансақтау бөлімінде жатыр. Палатаға ауыстырылғаннан кейін оған қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу мәселесі қаралады. Ауруханаға түскен кезде қан талдауы алынған, бірақ нәтижелері әлі дайын емес", – деді Айдын Қабдулдинов.
Бейресми ақпарат бойынша, апат кезінде Zeekr көлігі басқа автокөлікпен жарысқа қатысқан болуы мүмкін. Сондай-ақ оқиғаға жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы бар деген болжам да айтылуда.
Осыған байланысты Полиция департаменті қызметтік тексеріс бастаған. Құзырлы орган өкілдері тәртіп сақшыларының әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілер анықталған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.
Қаза тапқандардың бірінің әпкесі Күләнда Батырбекова жүргізушінің әлі де ауруханада жатқанын растады. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ер адамның жағдайына қатысты ақпарат беруден бас тартып, бұл шектеу тергеу мүддесіне байланысты екенін жеткізді.