Қазақстанда жол-көлік апатынан келетін шығындарды есептеу тәртібі өзгереді. Енді автосақтандыру компанияларының орнына тәуелсіз бағалаушылар залал көлемін есептуі мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мәжіліс депутаттары бұл өзгеріс жүргізушілердің құқын қорғауға ықпал ететінін айтады. Себебі тәуелсіз сарапшы шығынды нақты есептейтіндіктен, өтемақы сомасы көбіне жоғары болады, ал сақтандыру компаниясы мен тұтынушы мүддесі теңдей қорғалады.
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов қолданыстағы жүйені сынға алып, "Сақтандыру төлемдерін реттеу әдістерін қайта қарап, тәуелсіз бағалаушы тетігін енгізген абзал. Қолданыстағы норма азаматқа өз құқығын толық қорғауға кедергі келтіреді. Бұл модель мүдделер қақтығысына әкеп соғады" деді. Ол сондай-ақ тәуелсіз бағалаушылар әлеуеті барын, бірақ қазіргі жүйеде қолданылмай отырғанын атап өтті.
Астаналықтар бастаманы қолдап, жаңашылдық автосақтандыру нарығын реттеп қана қоймай, төлемнің әділ жүргізілуін қамтамасыз ететінін айтады.
Дегенмен Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкин депутат ұсынысымен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, компаниялар шығын мен өтемақыны есептеу кезінде заңмен бекітілген бағдарламалық кешенді пайдаланады және бағалау шығындарын өз мойнына алады. Тәуелсіз бағалаушыларды қайта тарту нарықта ахуалды ушықтыруы мүмкін, себебі бұрынғы тәжірибе қате есептеу мен қосалқы бөлшектер құнын асырумен аяқталған.
USD:
463.1 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13