Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте бес жатақхананың құрылысы басталды
Қазақ ұлттық университеті қалашығында студенттерге арналған 5000 орындық жаңа жатақханалар құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Тоғыз қабатты бес жаңа жатақхана ҚазҰУ қалашығы құрылысының II даму жоспары аясында бой көтереді. Студенттік жатақханалардың құрылысын іске асыруда Қытайдың "Чжунтайхуа" Баоцзи құрылыс еңбек қызметтері компаниясы" инвестор ретінде тартылды.
Салтанатты рәсімде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, бұл бастаманың университет тарихындағы стратегиялық маңызына тоқталды.
"2022 жылы ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталған болатын. Жаңа жатақханалар жастардың білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізеді", – деді ректор.
Сонымен қатар жиында Баоцзи қаласының құрылыс және еңбек қызметтері жөніндегі "Чжунтайхуа" компаниясының директоры Чжан Хунцян құттықтау сөз сөйлеп, жобаның халықаралық әріптестік аясында жүзеге асатынын және құрылыс сапасына ерекше мән берілетінін жеткізді.
Жоба білім алушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жалпы аумағы 66 мың шаршы метрді құрайтын кешен 5000-нан астам орынға есептелген. Инвестиция көлемі шамамен 33,8 миллиард теңгені құрайды.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қаңтар айында басталып, бір жарым жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған. Жатақханалар халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, қауіпсіздік жүйелері мен тұрмыстық инфрақұрылым толық қамтылады.