Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын күрделі жөндеуге қатысты сын видеосы жарияланғаннан кейін университеттің баспасөз қызметі Студенттер сарайының техникалық жағдайына қатысты фотосуреттермен бөлісіп, оның жаңа эскиздерін жариялады.
Санжар Боқаев сарай ешқандай жөндеуді қажет етпесе де, оған ондаған миллиард теңге жұмсап, жөндеу жүргізіледі деп сынаған болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы пайдалануға берілгеннен бері 30 жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан ғимарат тозып, техникалық жағдайы айтарлықтай нашарлаған.
"2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп, тіреуіш және қоршау конструкцияларынан бірқатар ақаулар анықтады: жекелеген темірбетон арқалықтар мен қабырғалардың болмауы, тіреуіш колонналардың тот басуы және қисаюы, түйісу бөліктерінің бұзылуы, жылу оқшаулау қабаты мен шатыр жабындысының зақымдануы. Ақаулардың басым бөлігі әрлеу қабаттарының астында жасырылған", – делінген хабарламада.
Университеттің түсіндіруінше, қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, ғимараттарға күрделі жөндеу әр 20-25 жыл сайын жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар 2024 жылғы қаңтар айында Алматыда болған жер сілкіністері ғимаратқа елеулі зақым келтірді.
"Анықталған ақаулар мен сейсмикалық қауіптерді ескеріп, университет ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып, оның конструкциялық беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нысанды қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады", – делінген хабарламада.
Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының қайта жаңғырудан кейінгі дизайн жобасы:
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55