Аккаунт бұғаттау мен қарыз: Сенат курьер мен такси жүргізушілерінің мәселесін көтерді
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты курьерлер мен такси жүргізушілерінің құқықтық мәселелеріне қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, бүгінде Yandex Go, inDrive және Glovo платформалары арқылы жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 400 мың адамға жуықтаған. Көпшілігі үшін бұл – негізгі табыс көзі. Алайда цифрлық сервистер дамығанымен, салада бірқатар жүйелі мәселелер сақталып отыр.
Сенатордың айтуынша, платформалар салық агенті ретінде төлемдерді ұстап отырғанымен, техникалық ақаулар салдарынан азаматтарға негізсіз берешек пен өсімпұл есептеліп жатады. Кей деректер бойынша, 20 мыңнан астам адам мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуінен зардап шеккен. Сонымен қатар, курьерлер мен такси жүргізушілері формалды түрде тәуелсіз серіктес саналғанымен, іс жүзінде алгоритмдер арқылы қатаң бақылауда жұмыс істейді. Рейтинг, кесте секілді талаптар болғанымен, олар еңбек демалысы, аурухана парағы және еңбек қауіпсіздігі сияқты әлеуметтік кепілдіктерден қағылған.
Сенатордың сөзінше, нақты еңбек нормалары мен ең төменгі сағаттық төлемнің болмауы салдарынан кейбір жүргізушілер тәулігіне 16 сағатқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Бұдан бөлек, алыс жолға шығатын жүргізушілер шаршауды жеңу үшін энергетикалық сусындарды жиі тұтынады, бұл олардың денсаулығына және жол қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Тағы бір өзекті мәселе – аккаунттардың себепсіз бұғатталуы. Қазіргі таңда мұндай жағдайларда шағымдану немесе сотқа дейін реттеу тетіктері жеткіліксіз.
Осыған байланысты сенаторлар Үкіметтен курьерлер мен такси жүргізушілерінің құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын реттеу және цифрлық платформалар қызметін жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдауды талап етті.