Түркістан облысындағы Ақбай ауылының маңындағы халыққа үлестірілген аумақта 40-қа жуық баспананың іргетасы бой көтеріп, 10 шақты үй салынған. Тұрғындардың айтуынша, 8 жыл бұрын сатып алған бұл жерді әкімдіктегілер тартып алмақ, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Ауыл маңындағы 50 гектар аумақты кезінде жерге иелік еткен кәсіпкер халыққа сатқан. Сол кездегі ауыл әкімі мен жер бөлуге қатысы бар шенеуніктер 427 учаскеге тұрғын үй салуға рұқсат беретін құжаттарға қол қойып, меншік иесі туралы мемлекеттік актіні дайындап берген. Алайда облыстық сот құжаттарды жарамсыз деп танығандықтан, салған үйлер мен нысандарды сүруге шешім шығарған.

"Бұл көк қағаз заңды болғаннан кейін мемлекеттен халыққа сатылған. Біз оны алғанбыз. Бірақ жер инспекциясы ауыл шаруашылығынан жеке тұрғын-үй құрылысына алған кезде ақшасын бермеді деп, халықтың тұрып жатқан жерін заңсыз деп алып қойып жатыр. Оның сомасы – 12 миллион теңге. Оған біз емес, жеке тұрғын-үй құрылысына аударған кісілер кінәлі ғой", – деді жер иесі Ержан Темір. 


Оқи отырыңыз: Мемлекеттік реестр сайтынан арзан бағамен қалай жер, көлік не өзге мүлік сатып алуға болады?


Тұрғындар жерді жеке кәсіпкерден ең азы – 500 мың, ең көбі 1,5 миллион теңге беріп сатып алған. Алайда, қаулы заңды тіркелмеген.

"2006 жылғы қаулы еш жерде тіркелмеген. Осы қаулы мен регистрацияда Қайнарбұлақ ауылдық округінің Шіркін ауылындағы жер телімі тіркеуден өткен. Бәрі сотта дәлелденген. Аудандық жер қатынастары бөлімінде, басқа да бөлімдерде еш жерде тіркелмеген", – деді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев. 

Әкімдіктегілердің айтуынша, сот шешіміне сәйкес жер  халыққа қайтарылмайды. Тұрғындар тек сатып алған ақшасын ғана даулай алады.