Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров "Жас қазақ" басылымына берген сұхбатында қазақ балуандарына әлем чемпионаты мен жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалі неге бұйырмай жүр деген сұраққа жауап берді.

"Осы салада сан жылдар тер төгіп, әлі де спорттың бір пұшпағын илеп жүрген маман ретінде айтайын. Оқу-жаттығу жиындарын өткізе бергеннен, жарыстан жарысқа балуанды сала беруден дәреже-деңгей өседі деген түсініктен арылу керек. Мысалы, қараңыз, осы күнде Әзірбайжан балуандары әлемнің үздік бестігіне енетін деңгейге жетті. Қалай? Ертеректе әзірбайжандар осындай дәрежеге көтеріледі дегенге көңіл сенді ме? Олар өздерін шыңдау үшін, балуандарының біліктілігін арттыру мақсатында жаттығудан жаттығу өткізе берген жоқ. Шетелден білікті бапкер әкеліп, өздерін өсірді, кем тұсын бүтіндеді, деңгейін көтерді", – деді спортшы.


Оқи отырыңыз: "Жүрегіме тыныштық пен бақыт сыйлайды". Шабандоз Аружан Тоқтарбекпен сұхбат


Ақжүрек Таңатаров қазақ балуандары шама-шарқы жеткенше, әлі келгенше күресіп жүр деп санайды.

"Әзірбайжанды неге тілге тиек етіп отырмыз? Олар өздерінің бапкерлерінің деңгейін біледі, парқын саралай келе, шетелден бапкер шақыртып, шәкірттерін шыңдау дұрыс жол деп түсінді және қателескен жоқ. Өкінішке қарай, біздің елде бапкерлердің кейбірі "өзің білме, білгеннің тілін алма" деген қарғыс іспетті кертартпалыққа бой үйретіп алғандай. Деңгейінің өте төмен екенін мойындағысы келмейді, білмесе де "білемге" салып өлермендене ұмтылады", – деді Таңатаров.

Олимпиада жүлдегері бапкер біліктілігіне қатысты Жамбыл облысының бокс мектебін мысалға алды.

"Жамбыл облысының бокс мектебі елімізде өте тегеурінді саналады, оны білесіз. Кешегі Серік Қонақбаевтардан, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері Болат Ниязымбетов, Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев деп тізбеленіп кете береді. Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған жылдары Қанат Бозымбаев Әулиеатаның боксын одан сайын биіктету мақсатында Кубадан білікті бапкер әкелуге күш салды. Осыны жүзеге асырды да. Нәтижесі қалай болды, кубалық маманның алдын көрген жамбылдық жампоздар Қазақстан чемпионатының бірнеше салмағында жеңімпазы атанды. Көрсеткіш пе, көрсеткіш! Нәтиже ме, нәтиже! Амал жоқ, облыс әкімі қызметінен кеткеннен кейін бапкер де тұрақтапқан жоқ, әйтпесе, талай шыңға шығаратын еді. Міне, мысал. Білікті бапкер шақыртып, содан кейін әр салмақта балуандарымызды шарболаттай қайрау үшін тегеурінді балуандарды серіктестікке шақырту керек", – деді спортшы.