Ақтөбе қаласында бюджеттің 1 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржысына салынып жатқан веложол құрылысы орта жолдан тоқтатылды. Өйткені, қыруар қаржыға сапасыз жасалып жатқан велосипедшілер жолын көрген белсенділер шу шығарып, әкімдікті әбден сынға алған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Үзік-үзік болып құйылған веложолдың кей тұстары тіпті бір-бірімен жалғаспайды. Ал тапсырыс беруші қала әкімдігінің өкілдері мұндай олқылық барын тіпті білмеген. Сапасыз құрылысты өз көзімен көріп, аралағаннан кейін ғана жұмыстарды уақытша тоқтатты.

"Үш ескерту бар. Мердігерлер қоқыстарын жинамаған. Бұл бойынша олар жұмыс әлі бітпегенін, кейін жинайтындарын айтты. Одан кейін үзік-үзік жолдарды жалғаулары қажет", – деді Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты Ұлан Қозбақов.


Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында балалар 84 жыл бұрын салынған мектепте білім алады


1 миллиардтан астам қаржыға жасалып жатқан ұзындығы 65 шақырым веложол 2023 жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Жоба құрылысын әкімдік "Глобал констракшн девелопмент" атты алматылық серіктестікке сеніп тапсырған. Ал веложол салуда тәжірибеміз мол деген компания өкілдері жұмыстарды АҚШ технологиясын пайдаланып жасап жатқанқанын айтқан. Бетон қоспаны Германиядан алдырттық деген олар, Ақтөбенің ауа райы асфальт түріндегі веложол төсеуге келмейтінін айтады. Сондықтан веложолды құю әдісімен жасап жатыр екен. Ал бұл технология өте қымбат.

"Велотрассаны екі кезеңмен салып жатырмыз. Қазір біз негізгі жолды құйып қойдық. Енді веложолдың қапталдарына жолжиек саламыз. Үзік жолдарды бір-біріне жалғаймыз. Әлі көп жұмыс бар", – дейді Global construction Development ЖШС өкілі Самат Қосжанов.

Мердігер өкілі веложолақтың кей тұсын бизнес нысандарының қарсылығынан соң жасамай қалдырдық дейді. Айтуларынша, бірқатар кәсіпкерлер қақпасының алдына жолақ түсіруге рұқсат бермеген. Ал қала әкімінің орынбасары құрылыстағы кемшіліктер жойылмай, тапсырыс қабылданбайды деді.

"Тапсырма берілді. 10 күн ішінде кемшіліктер жойылуы керек. Ола болмаса, жұмысты қабылдамаймыз, ақшасын төлемейміз", – деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары дамир Кубенов.

Мердігер өз жұмысына 20 жылға дейін кепілдік беріп отыр.