Ақтөбе облысында шегірткелер көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатыр
Әзірге олардан егін мен шөпке қауіп төніп тұрған жоқ.Ақтөбе облысының далалық алқаптарында шегірткелер қаптады. Зиянкестердің көптігі сонша тіпті көліктердің қозғалысына кедергі келтірген. Ал екі айдан бері улап жатырмыз деген шенеуніктердің қаптаған шегірткелерді жоюға шамалары жетпей отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаз басталғалы зиянкестерді улаумен айналысқан шенеуніктер облыстың үш аймағында азиялық және итальяндық шегірткелердің қаптайтынын шаруаларға ескерткенін айтып отыр. Олардың сөзінше, биыл Шалқар, Ырғыз және Әйтеке би аудандарында 319 мың гектардан астам алқапты улау жоспарланған. Соның 211 мың гектары – Әйтеке би ауданында.
Дегенмен, жауапты мамандар қаптаған шегірткелерден әзірге егін мен шөпке төнген қауіп жоқ екенін айтады. Олар шегірткелердің бұлайша көбеюін табиғи құбылыс деп түсіндірді. Сондықтан дәл осындай жағдай келесі жылы да қайталануы әбден мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға табиғи тән жәндіктер азайып бара жатыр
"Егістікке қауіп жоқ деуге болады. Өйткені, ол жақты біздің бақылаушылар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері – бәрі бірігіп бақылап отыр. Видеодағыдай ұшып жатқан жағдай – табиғи құбылыс. 10-12 жыл сайын келетін цикл", – дейді Ақтөбе облыстық аумақтық инспекция басшысы Дастан Сағыров.