Ақмола облысында колледждер базасында жоғары сынып оқушыларына жұмыс біліктілігін беру бойынша пилот жобасы іске қосылды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаменті хабарлады.

Жаңа білім беру бағдарламасы 10-11-класс оқушыларына мектебінде білім ала жүріп, колледждерде жұмысшы мамандықтарын қатар меңгеруге мүмкіндік береді. 

"Қазіргі уақытта 16 жұмысшы біліктілігі анықталды. Олар күніне екі сағаттан оқиды. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде екі колледж анықталды. Онда оқушылар кәсіби дайындықтан өтеді" – дейді департамент өкілі Ернат Жүнісов.

Пилот жобасы бойынша Ақмола облысының оқушылары Көкшетау қаласының Құрылыс-технологиялық колледжі мен Степногорск қаласының жоғарғы колледжі базасында білім алады.

"Биыл пилот жобасына Көкшетау қаласының екі мектебі қатысады. Оқушылар аспаз, наубайшы, сәндік-қолданбалы өнер және дәнекерлеуші мамандығын оқиды. Степногорск қаласында 9 мектеп бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Бұл мектептердің түлектері "Интерьер дизайны" және "Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану" мамандықтары бойынша білім ала алады. Колледжде білім беру процесін жүргізу үшін білім беру бағдарламасы әзірленді, педагогтер дайын, арнайы пәндер шеберханалары мен кабинеттері жабдықталған", – дейді Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин.

 

Айта кетейік, оқуды аяқтағаннан кейін оқушылар мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын алып, еңбек нарығына шыға алады.