Робототехника құралдары толық пайдаланылмайтын ұйымдар бар. Кейбір мектеп басшылары бір рет сатып алынған керек-жарақ алдағы 3-5 жылға жетеді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес, деп жазды оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

"Жиынтықтарды жаңарту, қосымша бөлшектерді, шығын материалдарын сатып алуды қажет ететін ұйымдар бар, бірақ білім берудің барлық бөлімі мен басқармасы бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған. Кейбір мектеп басшылары бір рет сатып алынған керек-жарақ алдағы 3-5 жылға жетеді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Шығын материалдарын жаңартып отыру қажет", – деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетов темірді және қарапайым жинақтарды сатып алу жұмыстың аз ғана бөлігі екенін ескертті. Маңыздысы – оқу-әдістемелік кешендер мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру.

"Балалардың робот құрастырумен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай дамып, өздері бағдарлама жазып, 3D басып шығаруды, графикалық бағдарламаларды, Ардуиноны және тағы басқаны үйренуі маңызды", – деді министр.


Оқи отырыңыз:


Асхат Аймағамбетов келесі жылы әр мектептен кем дегенде бір робототехника және ІТ бойынша мұғалімін арнайы курспен қамту керек екенін атап өтті. Сонымен қатар IT оқулықтарды электронды форматқа көшіру туралы ұсыныс жасалғанын айтты.

"Бұған мысал ретінде бастауыш сыныптарда scratch-ті оқуды айтуға болады. Онда бағдарламаның өзін жаңартуға байланысты оқулықтағы командалар, алгоритмдер және бағдарламаның өзі туралы ақпарат сәйкес келмейді. Ал цифрлы оқулықтарды уақытылы түзетіп, жаңартып отыруға болады", – деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап робототехника бойынша балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттерден мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру басталады. Яғни, балалар енді жергілікті бюджет есебінен жекеменшік орталықтарда робототехниканы тегін оқи алады.