Енді Қазақстанда азаматтардың айлық табысы мен шығысы қатаң бақылауға алынады. Қаржы министрлігі таныстырған жаңа бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы қазақстандықтардың қанша табыс табатыны, қандай мүлік пен тауар сатып алғаны, шетелге қаншалықты жиі шыққаны, тіпті әуе билеттерінің бағасына дейін тіркелмек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы..

Жаңа платформа азаматтың қаржылық белсенділігін толық көрсетеді. Онда жалақы көлемі, мүлікке қатысты мәліметтер, шетел сапарлары, букмекерлік кеңселерге салынған қаражат және өзге де шығындар жинақталады. Осы деректер негізінде Мемлекеттік кірістер комитеті кіріс пен шығыстың сәйкестігін тексеріп, салықтық міндеттемелердің орындалуын қадағалайды. Мәселен, адамның ресми айлығы 500 мың теңге болса, ал ай сайынғы шығыны 1 миллион теңгеге жетсе, қосымша 500 мың теңгенің қайдан шыққаны жөнінде сұрақ туындайды. Егер азамат қосымша табыс көзін дәлелдеп көрсете алса, мәселе туындамайды. Ал, түсіндірме берілмеген жағдайда камералдық бақылау жүргізіледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі камералдық бақылау салық органдарындағы деректерді өзге мемлекеттік органдардан алынған ақпараттармен салыстыру арқылы жүзеге асатынын хабарлады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл жүйе келесі жылдан бастап күшіне енеді. Қазіргі уақытта өңірлерде бірыңғай дерекқор толық қалыптаспаған. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет.