"Қазгидромет" РМК қазан айының алғашқы күніне арналған ауа райы болжамын жариялады.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде күн суытады. Петропавлда күндіз жаңбыр қарға ұласып, жел күшейеді, ауа температурасы түнде -1…-3°С, күндіз +5…+7°С. Қостанайда күндіз жаңбыр жауады, +8…+10°С, ал түнде -1…-3°С. Көкшетауда да аздаған қар аралас жаңбыр күтіледі. Павлодарда жауын-шашынсыз, ауа +5…+7°С шамасында. Астанада күн ашық, бірақ түнде суық -4…-6°С, күндіз +6…+8°С болады.

Орталықта – Қарағандыда түнде жаңбыр қарға ауысады, күндіз +5…+7°С. Жезқазғанда жауын-шашынсыз, ауа +9…+11°С дейін жылынады.

Шығыста – Өскеменде жаңбыр жауады, +5…+7°С, Семейде бұлтты, бірақ жауынсыз болады.

Батыс өңірлерде ауа райы салыстырмалы түрде жылы болады. Оралда жауын-шашынсыз, күндіз +13…+15°С, Атырауда ашық күн, +14…+16°С. Ақтөбеде бұлтты, жел күшейіп, ауа температурасы +12…+14°С болады. Ақтауда түнде жаңбыр жауып, жел екпіні артады, күндіз +16…+18°С болады.

Оңтүстікте күн құбылмалы болады. Таразда жаңбыр күшейіп, тұман түседі, температура +8…+10°С. Шымкентте күндіз жаңбыр мен найзағай болып, +14…+16°С жылы. Түркістанда жауын-шашынсыз, бірақ жел күшейеді. Қызылордада жауын-шашынсыз, күндіз +12…+14°С күтіледі.

Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты болады.