Адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңымызда ғылымның өрісін кеңейту негізгі стратегиялық басымдықтың бірі ретінде көрсетіліп отыр.
Президент енді еліміздің жаңа Конституциясына сай ғылым саласы бұдан да жоғары қарқынмен дамитынына назар аударды.
"Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, "толайым табысқа жетті" деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, президент келер ұрпақ кемшіліктерге көз жұма қарағанмен, мүлт жіберген мүмкіндіктерді кешірмейтінін айтты.
"Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуы қажет.
"Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.