Күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай Астрахань облысының домбырашылары "Адай" күйін орындады. Бұл туралы egemen.kz сайты хабарлады.

Ресейлік домбырашылар Құрманғазының кесенесінің алдында атыраулықтарға челлендж жолдады.

"Биыл қазақтың ұлы композиторы, күйші, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай бүгін біз, Астрахань облысының домбырашылары атыраулықтарға челлендж жолдаймыз", – деді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.  


Оқи отырыңыз: Күйші Дина Нұрпейісова туралы телехикая 22 қазанда телеэфирге шығады


Құрманғазы Сағырбайұлы Ресей Федерациясындағы Алтынжар ауылында жерленген. 2005 жылы бұл ауылда композитор атындағы мәдени орталық ашылған.

"Алтынжар ауылында 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы ашылды. Қазір аталған орталық Астрахань облысындағы маңызды мәдени және танымал туристік нысандарының біріне айналды. Біздің орталыққа алыс-жақын шетелдерден жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді. Туристерге Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз" – дейді Амангелді Әбілғазиев.

Оның айтуынша, орталықта ұлы күйшінің шығармашылығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттар қойылған музей мен туристер үшін қонақүй ашылған.