Абайдың рухани мұрасы Мысырда арнайы марапатқа ие болды
Марапат Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейіне табысталды.Мысыр Араб республикасының Мәдениет министрлігі жанынан құрылған комиссияның шешімімен Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына "Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін" арнайы марапаты берілді, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Оны Қазақстанның Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлына табыстады. Арнайы ескерткіш сыйлық пен оның куәлігі, сондай-ақ ақынның қарасөздері мен өзге де шығармаларының араб тіліне аударылған нұсқасы Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейіне салтанатты түрде тапсырылды.
"Абай – қазақтың маңдайына біткен әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғасы. Ақын мұраларының халықаралық мәдениет және поэзия фестивалінде "Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін" арнайы сыйлығына лайық болып марапатталуы біз үшін зор мәртебе. Сыйлық ескерткіші мен марапатының ҚМДБ арқылы аманатталып, Абай музейіне табысталуының тарихи мәні зор. Абай мұрасы әлі де ғасырдан ғасырға жалғаса берері даусыз", – деді музей директоры Ұлан Болатұлы.
Оқи отырыңыз: Абай Құнанбайұлы шай ішкен самаурын Ұлттық музейге табысталды