"Абай жолы" романына негізделген үстел ойыны пайда болды
Ойын жас буынға қазақ әдебиеті мен этномәдениетін терең түсінуге көмектеседі.Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-оқушысы Томирис Бақыт Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" роман-эпопеясы негізінде үстел ойынын жасады, деп хабарлайды "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының баспасөз қызметі.
Ойын "Absolutely obsolete" деп аталады. Ол жас буынға бос уақытын қызықты өткізіп қана қоймай, қазақ әдебиеті мен этномәдениетін терең түсінуге көмектеседі.
"Абай жолының" бірінші томын оқығанда көп сөздер мен салт-дәстүрлерді түсінбедім. Қатарластарымнан сұрастырғанда, оларда да осындай мәселе бар екенін білдім. Сол себепті шығарманы түсініп оқып, сөздік қорды арттыру мақсатында осындай үстел ойынын жасап шықтым", – дейді Томирис Бақыт.
"Absolutely obsolete" үстел ойынында қазір 60 карта бар. Оқушы алдағы уақытта жобаға романдағы кейіпкерлер мен рулар жайлы бөлім енгізуді жоспарлап отыр.