Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған "Абай мұрасының жаңа дәуірі: қолжазба нұсқадан цифрлық корпусқа дейінгі мәтінтану мәселелері" тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты

Шарада Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағын құрастырушылар арнайы баяндамалар жасап, жинақты әзірлеу барысында жүргізілген көпжылдық зерттеу жұмыстары, пайдаланылған дереккөздер мен мәтінтанулық талдаулар, сондай-ақ басылымды дайындауда басшылыққа алынған негізгі ғылыми қағидаттар туралы жан-жақты мәлімет берді. 

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Конференцияда "Абай және қазақ театры" атты ғылыми еңбектің тұсауы кесілді. Аталған зерттеу Абай шығармашылығының қазақ театр өнерімен байланысын дереккөздерге сүйене отырып зерделеген маңызды ғылыми еңбек ретінде таныстырылды.

Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлы мұрасының цифрлық корпусы ресми түрде таныстырылды. Цифрлық корпусқа Абайдың 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинағынан бастап, кейінгі жылдары дайындалған барлық академиялық басылымдардың электронды нұсқалары енгізілді. Сонымен қатар әр жылдары хатқа түскен қолжазбалар, сирек нұсқалар мен архивтік материалдар жүйелі түрде жинақталып, біртұтас ғылыми цифрлық кеңістік қалыптастырылды. Бұған қоса абайтануға қатысты ғылыми еңбектер мен зерттеулер топтастырылды. Цифрлық корпус Абай мұрасын сақтау, жүйелеу және заманауи ғылыми зерттеулерде пайдалану тұрғысынан жоғары ғылыми әлеуетке ие кешенді жоба ретінде бағаланды.