Ресей Қазақстанның 8,5 миллион гектардан аса жерін жалға алып әскери полигон ретінде пайдаланып келеді. Жалға берілген аумақтың әр гектарына 1046 теңге төлейді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Бұл баға 2005 жылдан бері өзгермеген.

Еліміздің қорғаныс министрлігіндегілердің мәліметінше, Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарындағы аумағы 7 миллион гектар болатын Сары-Шаған сынақ алаңы Ресейге жалға берілген.

"Батыс Қазақстан мен Атырау өңірлеріндегі 1 миллион гектардан аса жердегі 929-шы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы да Ресейдің еншісінде. Сондай-ақ, Батыс Қазақстандағы көлемі 300 мың гектар болатын 4-ші мемлекеттік орталық полигонды да жалға алып отыр. Бұл полигондарда Ресей қарулы күштері әскери техникаларды әзірлеп, оны сынақтан өткізеді. Осылайша, еліміздің қазынасына 10 миллиард теңге табыс түсіп тұр" – деді жауапты ведомство өкілдері.

Жалға алу шартына байланысты алғашқы халықаралық келісімшарт 1993 жылы жасалған. Сондай-ақ жалға беру уақыты 2030 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған.

Депутаттар Ресей әскери күштеріне берілген полигон аумағын қайтарып, ауылшаруашылық жері ретінде тұрғындарға беруді ұсынып отыр.