ҚР Мәжілісі қабырғасында өткен үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Қасқын "Болашақ" бағдарламасына қатысты бірқатар заңбұзушылықтарды мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі белгіленген талаптарға сәйкес келмегеніне қарамастан, 340 үміткерге 7,7 млрд теңге көлемінде "Болашақ" стипендиясын жеке тәртіппен тағайындаған. Бұдан бөлек, тағы 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген.

"Аудит барысында жасанды интеллект бағыты бойынша да сәйкессіздіктер анықталған. Жоспарланған 54 гранттың тек бесеуі ғана нақты тағайындалып, қалған 49-ы өзге бағыттарға қайта бөлінген", – деді Тілеген Қасқын.

Бұл мәселелер "Еңбек нарығындағы өзгерістер мен жасанды интеллектіні енгізуді ескере отырып, жоғары білімді кадрларды даярлау" тақырыбы аясында қаралды. Жоғары аудиторлық палата өкілдері бағдарламаны іске асыруда ашықтық пен талаптардың сақталуы маңызды екенін атап өтті.