"Астана Опера" әртістері Үлкен театрдың Жаңа сахнасында "Абай" операсын сахналады. Қойылым алыс-жақын шетелдердің үздік опералары келетін "Видеть музыку" халықаралық фестивалі аясында көрсетілді, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

"Абай" қойылымы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті дирижер Алан Бөрібаев, режиссер Джанкарло дель Монако, сценограф Эцио Фриджерио, костюм бойынша суретші, "Оскар" сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино сынды танымал тұлғалардың арқасында көрерменге жол тартты.

"Абай" операсының көрінісі. Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

Бұл көлемді туынды 70 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Опера алғаш рет 1944 жылы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында қойылды. Бірнеше рет ең беделді халықаралық сахналарда көрсетілді. Мәскеуде "Абай" операсы алғаш рет 1958 жылы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі аясында көрерменге жол тартты. Ал бүгін Үлкен театр сахнасында дебют жасады.

"Бүгін екі елдің мәдени өміріндегі тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Шараның рухани және эстетикалық маңызы зор. Әрі терең әлеуметтік-гуманитарлық мәні бар. Өйткені мәдениеттің халықтар арасындағы шынайы, таза және мәңгілік достығын сақтап, барлық кедергілерді еңсере алатынын көріп, естіп, сезініп отырмыз", – деді Аида Балаева.

"Абай" операсының көрінісі. Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

Оқи отырыңыз: 80 жыл бұрын жазылса да, әлі сахнадан түспеген опера


Спектакльге Ресейдің танымал өнер қайраткерлері де қатысты. Өнертану докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Иванович Кузнецов "Астана Операның" Мәскеуге шынымен де тамаша спектакль әкелгенін, бұл көрермен үшін ерекше тарту болғанын атап өтті.

"Сіздер қазақ композиторының шынымен әсерлі операсын, таңғажайып музыка жазған туындысын таңдағансыздар. Көрермендер ықыласы ерекше – бәрі де сондай тебіреніп, қызығушылықпен тамашалады! Операның қазақ тілінде орындалғаны да – тамаша. Әрі, менің ойымша, ерекше маңызды. Бұл шығарманы бұрыннан білемін. Көптеген ресейлік көрерменге де аудармасы жақсы таныс. Біз қазақ операсын өзімізге жақын дүние ретінде қабылдаймыз. Қойылым керемет", – деді профессор.

"Абай" операсының көрінісі. Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсы тек махаббат, жақсы мен жаманның айқасын бейнелеген қойылым ғана емес, қазақ халқының жан дүниесінің алуандығы мен тереңдігін көрсететін айна, көшпелі өмірдің бірегей салты мен философиясын көрерменге паш ететін туынды.

Қорытынды сөзді Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Линчевский айтты.

"Сіздердің тамаша бай дәстүрлеріңізді сақтап келе жатқандарыңыз да – өте құнды іс. Оркестр мен солистерге сөз жоқ, керемет! Себебі жүрекпен шырқап айтты. Сіздер жасап жатқан нәрсенің барлығы терең тағылымға, даналыққа негізделген. Театрларыңызға тәнті болдым. Бұл – шынайы классика", – деді ол.

Қойылым ресейлік көрерменнің көңілінен шығып, лық толы зал қазақ өнеріне деген шынайы ықыласын көрсетті. Кеш соңындағы қалың жұртшылықтың құрмет-қошеметі "Абай" операсының жарқын жетістігінің, оның екі ел арасындағы мәдени байланыстағы маңызды рөлінің айқын дәлелі болды.

"Астана Опера" театрының ұжымы. Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

Айта кетейік, гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің және Үлкен театр әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қойылымды тамашалауға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев және басқалар қатысты.