Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайынғы "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығына ізденіс конкурсын жариялады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Байқаудың қорытындысы бойынша еліміздің үздік ғалымдарына 50 сыйлық тағайындалады. 1 сыйлықтың мөлшері 6 126 000 тенгені (2 мың АЕК) құрайды.

"Конкурстың мақсаты – отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің еңбегін көтермелеу", – деп жазылған хабарламада.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Өтініш қабылдау мерзімі – 3 желтоқсанға дейін.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалымдар қанша жалақы алады?


Үміткерге қойылатын талаптар:

  • Ғылыми жетістіктері ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, ғылыми жарияланымдары мен монографияларының болуы, ғылыми жобалар мен бағдарламаларға басшылық жасау сияқты критерийлер бойынша бағаланады;
  • Соңғы жылы университетте кемінде бір пәнді жүргізіп, сондай-ақ соңғы 3 жылда философия докторы (PhD) немесе сала докторы ғылыми дәрежесі бар кадрларды даярлауы және ғылыми зерттеулердің сапасын, нәтижелілігін және әсерін арттыруға бағытталған қоғамдық жұмысқа қатысуы міндетті;
  • Ғылыми әзірлемелерінің өндіріске енгізілуі бойынша нәтижелерін ұсынуы қажет.