Қызылордада небәрі алты бала тәрбиеленіп жатқан интернатта 39 қызметкер жұмыс істеп жүр. Орталыққа биыл бюджеттен 112 млн теңге бөлінген. Алайда, құзыретті мамандар балаларға тиісті жағдай жасалмағанын айтады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Тамағы, басқасы да мардымсыз болып шықты", – дейді Қызылорда облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Сәуле Әбілдаева.

Маман қызметкерлерінің жұмысы салғырт болса да, соңғы бес жылда мекемеге жарты миллиард теңгедей ақша бөлінгенін айтады. Бірақ интернатта тәрбиеленген әр жылдағы балалардың саны 10-ға да жетпеген. Сондықтан депутаттар орталықтың жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді ұсынып отыр.

"Бес жылдың ішінде 500 миллионға жуық ақша жұмсалған. Оның ішінде бала болмаса да мамандар өзінің айлық жалақысын алып отыр", – дейді Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аида Абибуллаева.


Оқи отырыңыз:


Ал облыстық білім басқрамасы интернатқа негізінен мінез-құлқы қиын, ата-анасына бағынбай көше кезіп кеткен балалар сот шешімі арқылы әкелінетінін, сондықтан бала саны аз болса да, оларға қарайтын 39 жұмысшының әрқайсының өз міндеті бар екенін алға тартады.

"Қазір оңтайландыру жұмыстары басталып кетті. Алдағы 2024 жылдары қиын жағдайда қалған балалардың орталығы қылып, қайта құрып сол жерде әлеуметтендіру тәрбиелеу жұмыстары жүргізілетін болады", – деп түсіндірді Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов.

Сондай-ақ, басқарма басшылары бюджеттен бөлініп келген миллиондар мақсатты жұмсалғанын айтады.