55 және 145 миллион теңге. Абай ескерткіштерінің құны неге екі түрлі?
Атырау облысында шуға айналған Абай ескерткішінің қашан ашылатыны белгісіз.Атырау облысында ашылуы тиіс Абай монументінің құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Есесіне, 145 миллион теңгеге бағаланған бұл ескерткіштің бюджеті дауға айналды. Өйткені, дәл осындай дерлік монумент Павлодар облысында 55 миллион теңгеге орнатылған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Екі ескерткіштің техникалық ерекшеліктерінде аса айырмашылық жоқ. Тапсырысты да бір компания орындаған. Екеуінің де авторы – мүсінші Асқар Нартов.
Павлодардағы орталық алаңға былтыр қойылған Абай ескерткішінің биіктігі 10 метр, қоладан жасалған Ал Атырауда жақын күндері ашылуы тиіс Абай ескерткішінің биіктігі 11 метр, ол да қоладан жасалып жатыр. Екі мүсіннің де тапсырысын алған компания – "Балқыту" ЖШС.
"Облыстық мәдениет басқармасының жанынан құрылған комиссия осы мүсінді таңдады", – дейді Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедьяров.
Оқи отырыңыз:
- Украинаның Харьков қаласында Абайға ескерткіш орнатылды
- Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаев пен Шоқан Уәлихановтың ескерткіші қоқыста жатыр
Абай ескерткішіне бөлінген қаржынының бір бөлігін алмақ болды деп Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев күдікке ілінгеннен кейін басталған іс аяқсыз қалған секілді. Ал құрылыс басында жүрген "Балқыту" компаниясы басшылары ескерткішке қатысты 31 арна тілшілерінің сауалдарына жауап беруден бас тартты. Сөздерінше, қазір олар да сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі болып жатыр екен. Осылайша "Балқыту" ЖШС басшылары да бұл қылмыс бойынша күдікке ілінген болып шықты.
Ал "тапсырыс алған бұл компанияға қатысым жоқ, бірақ ескерткіш жұмысына жауаптымын" деген жеке кәсіпкер Нұржан Байниязовтың уәжі төмендегідей:
"Сметада нақты не жазылғанын білмеймін. Тас пен қоланың бағасы бүгінде қымбат, Ресейде 2-3 есе өсіп кетті. Павлодардағы ескерткіш бетоннан жасалса, мұнда тұғыры ғана бетон. Ескерткіштің өзі граниттен жасалған. Ал оны жеткізу де, жасау да өте қымбат".