"500 автокөлік жолда тұр". Қарағанды облысында ауа райына байланысты бірқатар тасжол жабылды
Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты негізгі тасжолдарда көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша шектелді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалалар арасындағы автоколонналардың қауіпсіз қозғалысын ұйымдастырып жатыр.
2025 жылғы 30 желтоқсанда облыс аумағында ауа температурасының төмендеуі, қар аралас жаңбыр мен көктайғақ салдарынан республикалық маңызы бар сегіз және облыстық маңызы бар үш автожол учаскесінде қозғалыс тоқтатылды.
Қарағанды облысы патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, қазіргі уақытта Теміртау қаласы мен Қарағанды қаласы арасында автоколонналарды қауіпсіз сүйемелдеу жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі таңда Теміртаудан Қарағанды бағытына шамамен 500 автокөлік жолда тұр. Сонымен қатар, Қарағандыдан Теміртауға қарай қайтып келе жатқан 300 автокөлік те полицияның бақылауымен жеткізіледі", – деді ол.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге ауа райы қолайсыз кезеңде жол қозғалысы ережелерін сақтау және қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану жөнінде нұсқаулық өткізіп жатыр. Астана қаласына апаратын автожол толықтай жабылған.
Осыған байланысты Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын аса қажеттілік болмаса алыс жолға шықпауға, елді мекендерде қалуға және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.