Депутаттардың пікірінше, айналдырған 50 мың теңге елдің тоя тамақ жеуіне жетпейді. Әрі олар пайымдары негізді болуы үшін бірнеше ай азық-түлік бағасына талдау жүргізген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Депутат Асхат Рақымжанов ең төменгі күнкөріс деңгейін 115 710 теңге көлемінде бекітуді ұсынып отыр, себебі бір адам ас-ауқатқа ай сайын орта есеппен 63 641 теңге жұмсайды екен. Оған бірнеше ай бойы талдау жүргізе отырып, көз жеткізген. Бұл – тек ең керек деген тағам түрлеріне кететін қаржы.

Қазір төменгі күнкөріс 48 мың теңге шамасында екенін ескерсек, азғантай ақшаның тойып тамақ жеуге жетпейтінін аңғару қиын емес. Ем-дом, коммуналдық қызмет пен ағзаға қажетті дәрумен деген сөздерді ұмытуға болады, сондықтан мәжілісмен тұтыну себетіне кіретін азық-түлік тізімін қысқартуға қарсы. Айтуынша, еліміздегі "тамақ өнімін тұтыну туралы" норма халықаралық стандарттарға сай келмейді. Депутаттың айтуынша, елді асқа аузы жетпей, ашығып жатқан жұртпен салыстырмай, қайта дамыған мемлекеттер секілді тағам мөлшерін ұлғайтқан абзал.

"Біз әлемнің дамыған елдерінен үлгі алуымыз қажет. Мәселен, Францияның тұтыну себетінде 500-ден астам азық-түлік түрі бар. Сол үшін біз халықаралық стандарттарға және ұлттық мәдени ерекшелігімізге сай келетін жаңа азық-түлік себетін әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Қазақстандықтар да айналдырған 50 мың теңге ас-ауқатқа жетпейтінін айтуда", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Асхат Рақымжанов.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ең төменгі жалақы күнкөріске жете ме? Инфографика


Оның пікірлерінше, онсызда бәрі қымбаттап жатқан кезеңде ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеру қажет. Болмаса, қызмет құнын арзандатқан жөн екен. Ал, адам өзін-өзі жайлы сезініп, иммунитеті жақсы болуы үшін ет, сүт өнімдері мен дәнді-дақылдардың маңызы зор.