Ішкі істер министрлігі “Заңсыз келуші” деген жедел алдын алу шарасын өткізді. Шараның мақсаты – шетелдіктердің мемлекетте болу ережесін сақтау. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 

"Полиция қызметкерлері шетелдіктер тұратын жерлерді, құрылыс объектілерін, шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексерді. Операцияның жеті күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 11 051 адам анықталды. Оның ішінде 7331-і – мемлекетте болу тәртібін бұзған шетелдіктерге қатысты (көбінесе мына мемлекеттерден келген: Өзбекстан – 6498, Ресей – 211, Қырғызстан – 311, Тәжікстан – 234, Түркия – 30, Үндістан – 11, Ауғанстан – 4, Нигерия – 26, ҚХР – 6), шетелдіктермен заңсыз жұмыс істеуге қатысты 2400 дерек анықталды, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған 507 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды", – делінген министрлік хабарламасында.

Шетелдіктердің келгені туралы полицияға уақытылы хабарламаған 2536 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін сот шешіміне сәйкес 476 шетелдік Қазақстаннан тыс шығарылды. 70 шетелдік мәжбүрлі түрде мемлекеттен шығарылды. Барлық тыс шығарылғандар 5 жылға дейін Қазақстанға кіре алмайды", – делінген хабарламада.