4 пайыз автонесие: 463 қатысушы төлем шотын алып үлгерді
Платформа іске қосылғанда пулға 19 бен 62 жас аралығындағы 761 қатысушы тіркелді.6 ақпанда Астана уақытымен сағат 10.00-де жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдайтын autonesie.kz платформасы іске қосылды. "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ бағдарламаның алғашқы қорытындысын шығарды.
Платформа алғаш іске қосылғанда пулға 19 бен 62 жас аралығындағы 761 қатысушы тіркелген.
Өтінім қабылдау басталған сәтте autonesie.kz сайтына Алматы (31%), Астаны (22,6%) және Шымкент (9,3%) қалаларынан көптеп кірген.
Қолданыстағы автокредиттерді өтеуден жинақталған қаражат көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды. Сол себепті пилоттық платформа іске қосылғанда 761 өтініш беруші ғана тіркелді. Бүгінде 463 қатысушы автосалондарға барып, төлем шотын алды. Қатысушылардың басым бөлігі Hyundai мен Chevrolet автокөлік брендтерін таңдаған.
Оқи отырыңыз: 18 секундта – 761 өтініш: Автонесие сайты неге көп адамның өтінішін қабылдамады?
Автокөлік төлем шоты берілді:
- Астана – 175;
- Алматы – 79;
- Қостанай облысы – 44;
- Жетісу облысы – 43;
- Шымкент – 41;
- Қарағанды облысы – 20;
- Шығыс Қазақстан облысы – 13;
- Ақтөбе облысы – 9;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 7;
- Жамбыл облысы – 6;
- Атырау облысы – 5;
- Павлодар облысы – 5;
- Ақмола облысы – 4;
- Абай облысы – 4;
- Маңғыстау облысы – 3;
- Түркістан облысы – 3;
- Батыс Қазақстан облысы – 2.
Бағдарламаға қатысушы банктер жалпы 2 млрд 549 млн теңге сомасында өтінімдерді қабылдап, мақұлдады.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы 4 пайыздық автонесиемен қалай көлік алуға болады? Өзекті 10 сұраққа жауап
Жеңілдетілген автонесиені рәсімдеудің жалпы мерзімі платформада өтінім берген сәттен бастап автокөлік алғанға дейін 60 күнтізбелік күнді құрайды. Өтінім берушіге бір банк кепілхат беруден бас тартса, онда бағдарламаға қатысушы басқа банкке жүгінуге құқылы.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2015 жылдан бастап жеңілдетілген автонесие беріледі. Бүгінде бағдарлама бойынша жалпы сомасы 281,5 млрд теңгеге 45 325 автокөлік берілді. Соның ішінде "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ 2022 жылғы мамырдан бері жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 12 626 жеңілдетілген қарыз берді. Банктер 2015 жылдан бері 181,5 млрд теңгеге 32 699 қарызды мақұлдады.
Бағдарлама 2052 жылға дейін жалғасады. Платоформа іске қосылғаннан кейін әр ай сайын жүзден астам өтініш беруші тіркеледі.