Air China әуе компаниясы Қытайдың Чэнду қаласы мен Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматы арасында биылғы 30 желтоқсанда алғашқы тікелей әуе рейсін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компания өкілдері Алматыда өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. 

Компания өкілдерінің айтуынша, Air China жолаушыларды Airbus A320neo ұшағымен аптасына екі рет: сейсенбі және сенбі күндері тасымалдауды жоспарлап отыр. Сәйкесінше, бұл әуе рейсі Қазақстанды Қытайдың оңтүстік-батысымен байланыстыратын алғашқы әуе бағыты болмақ. 

Чэнду мен Алматы арасындағы сапар ұзақтығы 3,5 сағатты, ал Алматы – Чэнду сапарының ұзақтығы 5 сағатты құрайды. Air China Қытайдың үш ірі қаласы – Бейжің, Чэнду және Шанхай қалаларында транзиттік хабтарға ие. Компания аптасына 85 халықаралық және Қытайішілік бағыттарда 500-ден астам рейс жасайтынын ескерсек, бұл транзиттік сапарлар үшін де қолайлы болмақ. 

Компания өкілдері бұл ретте транзиттік сапар жасаушылар үшін Air China жақсы жағдайлар қарастырғанын еске салды. Мәселен, транзит уақыты түнге сәйкес келген жағдайда жолаушылар қонақүймен және таңғы аспен қамтамасыз етіледі. Ал күндіз транзит уақыты 8 сағаттан астам болса, жолаушылар таңдауына қарай тегін экскурсияларға қатыса алады. 

Шараға қатысқан Алматы әкімдігінің Туризм басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Әбихан мен Алматы облысы туризм басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қасенов бұл бағыттың ашылуы аталған өңірлердің тек туризм ғана емес, экономика, мәдениет салаларының дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті. Асқар Қасеновтің айтуынша, жыл басынан бері өңірге келген шетелдік туристердің саны 8,5 пайызға өскен. 

Еске салайық, Air China әуе компаниясы биыл 30 шілдеде Алматы мен Бейжің арасында тікелей әуе рейсін іске қосқан болатын.