"Қазгидромет" синоптиктері 29 қаңтарда ел аумағының басым бөлігінде тұман, көктайғақ, қар және желдің күшеюі ықтимал екенін ескертті.

Мамандардың мәліметінше, батыс және солтүстік өңірлерде аздаған қар жауып, төменгі боран соғады. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында көктайғақ пен тұман жол қозғалысын қиындатуы мүмкін. Кейбір аймақтарда желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Орталық және шығыс өңірлерде де тұман жиілейді. Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында көріну қашықтығы төмендеп, көлік қозғалысына қауіп төнуі ықтимал.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ауа райы тұрақсыз болады. Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қар жауып, төменгі боран мен көктайғақ күтіледі. Алматы, Қонаев, Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.

Синоптиктер тұрғындарды алыс жолға шыққанда сақ болуға, жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайын ескеруге кеңес береді. Қолайсыз ауа райы әуе және автокөлік қатынасына әсер етуі мүмкін.