Шымбұлақта түнгі сырғанаудың стандартты кестесіне қосымша күндер енгізіліп, енді қонақтар 21, 22, 23 және 24 наурыз күндері 19.00–ден 23.00-ге дейін сырғанай алады. Бұл туралы Shymbulak курортының баспасөз қызметі хабарлады. 

"Мерекелік күндері курортта сырғанауға қолайлы жағдай сақталады. Ауа райы жайлы, ал барлық беткейлерде тұрақты қар жамылғысы бар. Бұл – барлық деңгейдегі райдерлерге сырғанауға мүмкіндік бар деген сөз. Осыны ескере отырып, қонақтарымыз түнгі сырғанаудың рахатын көбірек сезінсін деген оймен қосымша күндер қосу туралы шешім қабылдадық", – деді Shymbulak курортының жалға беру және жабдықтар бөлімінің жетекшісі Ирина Жердева.

Сондай-ақ, мейрам күндері курорт аумағында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. 

21 наурызда курорттың орта станциясындағы Le Mont алаңында кәсіби фотограф пен DJ Togzhan Kassen қатысатын FUJI RETRO ALPINE фотокүні өтеді. Қонақтар альпілік ретро эстетикасында портреттер жасата алады.

22 наурызда DJ-сетпен бірге мерекелік BBQ ұйымдастырылады. Күндізгі бағдарламаның басты оқиғасы – "Змейка" трассасында өтетін Red Bull Jump & Freeze шарасы. Креативті кейіптегі қатысушылар қар мен су аралас қашықтықты кесіп өтеді.