Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысындағы мектеп тапшылығын мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында шешу жоспарланып отырғанын мәлім етті. Бұл туралы ол сенат депутатының сауалына берген жауабында айтты.

"Сіздердің сауалдарыңызда 9 000 оқушыға арналған 8 мектеп салу қажеттігі туралы мәселе көтерілген болатын. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі жаңа мектептерге 2030 жылға дейінгі сұранысқа жан-жақты талдау жүргізді. Демографиялық өсімнің тұрақты қарқыны мен елордамен шекаралас аймақтың белсенді дамуына байланысты оқушылар санының артуы күтілуде. Жүргізілген есеп-қисапқа сәйкес 2030 жылға қарай оқушылар контингенті шамамен 153 мың адамға, ал оқушы орындарының тапшылығы 13 мыңға дейін жетуі ықтимал", – деп жазылған жауапта.


Оқи отырыңыз: Алматы облысында жайлы мектептерді жиһаз бен техникамен толық жабдықтайтын зауыт ашылды


Сондай-ақ, ол үкіметтің бұл проблеманы шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін енгізбекші екенін жеткізді. Бұдан өзге қаржыландыру мәселесіне тоқталды. 

"Республикалық бюджет қаражаты шектеулі болғандықтан, жобаны қазіргі кезеңде бюджет есебінен іске асыру мүмкін емес. Осыған байланысты мемлекет-жекеменшік әріптестігі балама ретінде қарастырылып отыр. Ол бюджеттен тыс қаржы көздерін тартуға, мемлекет қаражатына түсетін жүктемені азайтуға және жобаны неғұрлым жедел іске асыруға мүмкіндік береді", – деді Олжас Бектенов.