
Алматы облысында мектеп пен балабақшаға, балалар ойынына және кеңсеге қажетті жиһаздар мен техниканы өндіретін отандық кәсіпорын құрылды. Жаңа Unitech зауыты жайлы мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ете алады. Оның ішінде әмбебап парталар, түрлі пішіндегі орындықтар мен шкафтар, металл, ағаш және пластик бұйымдар құрастырылады. Ал алдағы уақытта мұнда ноутбук пен интерактивті панельдер сияқты заманауи техниканы жинақтайтын цех ашылмақ.
Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне БАҚ өкілдері де куә болып, кәсіпорын өнімдері қалай құрастырылатынымен танысты.
Зауыттың өндіріс басшысы Темірлан Еркінбеков зауыт 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтты.
"Біздің ұжымда конструктор, технолог, дизайнер – бәрі бар. Яғни, жобалаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі циклді толық өзіміз атқарамыз. Мамандарды да жергілікті жерден тарттық. Осында үйретіп, қызметпен қамтимыз. Бастысы, мектептерді толықтай, яғни жиһаздан бастап, спорт залдарын, зертханаларды, еңбек кабинеттерін жабдықтауға дейін отандық өніммен қамтимыз", – деді ол.

Зауыт жайлы мектептерден бөлек, өзге де мектептер мен балабақшалардың, кеңселердің тапсырыстарын да орындайды. Кәсіпорын қызметкерлері балалар алаңдарын, Workout алаңдарын да жабдықтауға маманданған. Бұйымдар ағаш, металл және пластиктен әзірленеді.
Оқи отырыңыз: "Жайлы мектеп": Жаңа үлгідегі білім ошақтары ұлттық нақышта салынады
Жалпы, Юнитек компаниясы чипсіз моноблоктар, интерактивті панельдер, компьютерлер, ноутбуктер, көпфункционалды өзге де құрылғылар сынды заманауи техниканы құрастырумен айналысатын болса, енді жаңа зауытта техника құрастыратын цех ашуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапары барысында Талғар және Іле аудандарына барып, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Өңір басшысы үш білім беру нысанын аралап көрді. Жобалардың іске асуы 2800-ден астам жаңа оқушы орнының құрылуына ықпал етіп, қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені едәуір азайтады.