2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мобильді аударымдар арқылы салықтан жалтарған жеке тұлғаларға қатысты бақылау тетіктері кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте түсіндірді.

Вице-министрдің айтуынша, мобильді аударымдарды бақылау қағидаларына өзгерістер енгізілген. Бұған дейін тек екі көрсеткішке – үш ай қатарынан әртүрлі 100 адамнан аударым алу фактісіне сүйеніп тексеру жүргізу көзделген. Алайда қоғам тарапынан ұсыныстар көп түскеннен кейін үшінші критерий қосылған. Енді аударымдар тек белгілі бір сомадан асқан жағдайда ғана бақылауға алынады. Бұл шек 12 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни шамамен 1 миллион теңгеден жоғары болуы тиіс.

Ержан Біржановтың түсіндіруінше, егер бір адамның шотына ірі көлемдегі қаражат аз ғана адамнан түссе немесе аударымдар тұрақты түрде үш ай қатарынан жүргізілмесе, ондай есепшоттар бақылауға алынбайды. Нақтырақ айтқанда, қаңтар, ақпан және наурыз айларында бірдей сипатта аударымдар түсуі қажет.

Сонымен қатар вице-министр азаматтардың банк шоттары автоматты түрде бұғатталмайтынын атап өтті. Алдымен салық органдары хабарлама жолдайды. Егер азамат өз уәжін түсіндіріп, ол қабылданса, ешқандай шектеу шарасы қолданылмайды. Тек хабарламаға мән берілмеген жағдайда ғана салықтық тексеру жүргізіледі.

"Біз жеке азаматтардың шоттарын бұғаттамаймыз. Хабарлама береміз. Осыдан кейін түсініктеме беріп, оны қабылдағанда шара қолданылмайды. Бірден шектеу шарасын қолданбаймыз. Тек салықтық тексеру арқылы ғана шара қолданамыз", – деді Ержан Біржанов.


Оқи отырыңыз: Жекеменшік мектептерде 60 оқушыға арналған нысанға 600 бала тіркелген фактілер анықталды


Салықтық тексеру барысында банктерден алынған деректер арқылы қаражаттың қайдан және қандай жағдайда түскені анықталады. Егер салықтан жалтару фактісі расталса, тиісті салық міндеттемелерін өтеу талап етіледі. Азамат бұл шешіммен келіспеген жағдайда сотқа жүгіну құқығына ие. Ал сотқа шағымданбаған жағдайда берешек мәжбүрлі түрде өндіріліп алынады. Бұл ретте жеке сот орындаушылары тартылып, өндіріп алу заң аясында жүзеге асырылады.

Қаржы вице-министрі аталған тетіктердің басты мақсаты – адал салық төлеушілерге қысым көрсетпей, көлеңкелі табыстарды заңды айналымға шығару екенін атап өтті.