2025 жылы тәртіп бұзған мопедшілер қанша айыппұл төлейді
2025 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 6,5 пайызға артып, 3932 теңгені құрайды."Жол жүрісі туралы" заңға және Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер 2025 жылғы 4 сәуірден бастап күшіне енеді. Сәйкесінше, мопед жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар да қолданыла бастайды.
Соған орай, Kolesa.kz тәртіп бұзған мопедшілерге қандай айыппұлдар салынатынын тізіп шықты:
- куәліксіз жүру – 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге);
- мемлекеттік нөмірі жоқ немесе дұрыс тіркелмеген мопед тізгіндеу – 10 АЕК (39 320 теңге);
- жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір тағу – 15 АЕК (58 980 теңге);
- көлік жүргізу құқығынан айырылған адам мопед басқарса – 50 АЕК (196 600 теңге) немесе 10 тәулікке қамалады;
- мопедті куәлігінен айырылған немесе куәлігі жоқ адамға беру – 50 АЕК.
Еске салайық, 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 6,5 пайызға артып, 3932 теңгені құрайды.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы утиль алымы, көлікті тіркеу құны және айыппұлдар қаншалық өседі
Заңдардың жаңа нұсқаларындағы басты жаңалықтарды еске саламыз:
- Мопедті міндетті түрде тіркеу, техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беру. Сонымен қатар мопед жүргізуге А1 санатындағы жүргізуші куәлігі болуы керек. Бірақ А және В санатындағы куәлікпен де басқаруға болады.
- Елде орташа жылдамдықты тіркеу басталады. Ол автомобиль жүріп өткен халықаралық және республикалық маңызы бар жалпы жолдың ұзындығын осы қашықтықты еңсерген уақытқа бөлу арқылы есептеледі. Қала көшелерінде орташа жылдамдық тіркелмейді.
- Мас күйінде көлік жүргізгені үшін куәлігінен айырылған азаматтарға 7 немесе 8 жылға дейін жүргізуші куәлігін қайта алу емтиханына қатысуға тыйым салынады.
- Әкімшілік кодекске рұқсат етілген жылдамдықты 40-60 км/сағ және 60 км/сағ-тан асырған жүргізуші үшін жаңа айыппұл, сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылық үшін қосымша шаралар енеді.
- Жүргізуші күндізгі жарық шамын жақпаса және бірінші рет ереже бұзса, тек ескерту жасалады. Қазіргі Әкімшілік кодекстен балама жаза ретінде айыппұлды алып тастайды.