Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда жаңа 217 мектеп салынса, олардың 84-і ауылда бой көтерген. Ал Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің мәліметінше, ел өңірлерінде былтыр 61 мешіт салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Бой көтерген мектептер саны мешіттерге қарағанда 3,5 есе артық. 

Ranking.kz мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда салынған жаңа мектептер саны рекордтық көрсеткішке жетіп, жаңа оқушы орны саны бұған дейінгі жылдардағы көрсеткіштерден 5 есе артқан. 

Өткен жылы жаңа мектептер Астана мен Алматы қалаларында, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында көптеп бой көтерді. Шымкент қаласы мен Ақмола облысындағы жаңа мектеп саны аздау болғанымен, оқушы орны санына келгенде олар да жоғары көрсеткіштерге ие болды. Сондай-ақ, 2025 жылы 820 ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл жыл басында Қызылорда облысы Арал ауданының ең шалғай ауылдарының бірі – Мергенсай ауылында жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы "Келешек мектептері" ұлттық жобасының үлгісімен салынған. 

Еске салайық, әлеуметтік желіде қазақстандықтар арасында "мешіт орнына мектеп салу керек" деген сыни пікір жиі айтылады. Бұл сынға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз жауабын берген болатын. 

"Кейде қоғамда "мешіт көп салынып кетті" деген сөз айтылып қалады. Аллаға шүкір, мемлекеттің көмегімен мектептер мен балабақшалар салынуда. Ал жомарт жандардың, сауап іздеген азаматтардың қамқорлығымен мешіттер бой көтеруде. Сайып келгенде, бізге мешіт те, мектеп те керек. Екеуін бір-біріне қарсы қою дұрыс емес", – деген болатын бас мүфти.